Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында өлексемен қоректенетін құстардың бірнеше сирек кездесетін және өте маңызды түрлері мекендейді. Олар жануарлардың өлі денелерін жеп, аурудың таралуын болдырмайды және экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Қорық аумағында кездесетін негізгі өлексемен қоректенетін құстар: Тазқара (Aegypius monachus) - денесі өте ірі жыртқыш құс. Негізгі қорегі - ірі жануарлардың өлекселері. Жұртшы (Neophron percnopterus) - кішірек денелі, ақ-боз түсті өлексежегіш құс. Ол өлекселермен қатар түрлі қалдықтарды, ұсақ жәндіктер мен бауырымен жорғалаушыларды да қорек етеді. Ақбас құмай (Gyps fulvus) - биік шыңдар мен жартасты жерлерде ұя салып, топтасып өлексе іздейтін ірі құс. Сақалтай (Gypaetus barbatus) – біздің фаунамыздағы ең ірі құстардың бірі. Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы биік тауларда мекендейді. Үстірт қорығының аумағына Түркіменстанда орналасқан Балхан тауынан ұшып келуі мүмкін.
Директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ж.Е. Ермек




