2026 жылдың 14–15 ақпан күндері Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи қаумалы аумағында мекендейтін аң-құстардың түрлік құрамын, санын анықтау, олардың таралуын және тіршілік жағдайын бақылау мақсатында жылдық жоспарға сәйкес аң-құстарға көктемгі санақ жұмыстары жүргізілді. Санақ жұмыстары директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ж.Е.Ермектің ұйымдастыруымен өткізілді. Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлері С.Турмагамбетов, Ж.Бисембаева және ағылшын орнитологы Kris Webb, табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің кезекші мемлекеттік инспекторлары Е.Айтуов, Б.Қайралапов, Н.Уалиханов қатысты. Нұсқаулыққа сәйкес жүргізілген санақ барысында құстардың түрлері анықталып, есепке алынды. Зерттеу кезеңінде ауа райы қолайлы болды, құстардың тіршілік жағдайы тұрақты екендігі байқалды.




