22 наурызда халқымыз Ұлыстың ұлы күні – Наурызды қарсы алып, табиғаттың жаңаруын, жаңа жылдың басталуын атап өтеді. Ал келесі күні, 23 наурызда бүкіл әлем Бүкіләлемдік метеорология күнін атап өтеді. Бұл екі мерекенің қатар келуі – табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің, оны құрметтеп, ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызын айқын көрсетеді.
Метеорология ғылымы – тек ауа райын болжау ғана емес, ол табиғи апаттардың алдын алу, климаттың өзгеруін бақылау және экожүйелерді қорғау үшін қажет маңызды сала. Әлемдік деңгейде жиналған деректер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы мен көлік саласының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Қазақстандағы ерекше табиғи аймақтардың бірі – Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы. Бұл өңірдің қатаң климатын бақылау жануарлар тіршілігін зерттеу мен табиғатты қорғау шараларын жетілдіру үшін аса маңызды.
Осы мерекелік күндерде біз табиғаттың заңдылықтарын түсінуге, ғылыми деректерді қолдана отырып болашағымызды қорғауға шақырамыз. Наурыздың рухани мәні мен метеорологияның ғылыми маңызы бір-бірін толықтырып, халқымызды табиғатпен үйлесімде өмір сүруге үндейді.
Баршаңызды Наурыз мерекесімен және Бүкіләлемдік метеорология күнімен шын жүректен құттықтаймын! Табиғатқа деген құрметіміз артып, еліміздің игілігі үшін ғылыми жетістіктеріміз мол болсын!
Үстірт қорығының ғылыми қызметкері Ж.Бисембаева




