Бүгін нағыз керемет оқиға орын алды!
Даладан қиын жағдайға тап болып, көмекке мұқтаж жануар табылды. Полиция қызметкерлері оны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жеткізді.
Инспекция басшысы Ғаббас Шанытбайұлы Досатов Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлерімен байланысқа шықты. Ақтау қаласына Үстірт қорығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Жасқайрат Ермек пен инспектор Досан Атантаев барды.
Табылған жануар Қазақстан фаунасындағы Vormela туысының жалғыз өкілі – шұбар күзен болып шықты. Ол Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және III санатқа жатады, яғни саны мен таралу аймағы азайып бара жатқан сирек кездесетін түр.
Жануарға визуалды тексеру жүргізілді. Қуанышқа орай, оның денесінен ауыр сыртқы жарақаттар анықталған жоқ. Шұбар күзен әдетте жартылай бекіген және бекіген құмды алқаптарды мекендейді. Сонымен қатар құмтышқандар, сарышұнақтар мен тышқандар сияқты ұсақ сүтқоректілер шоғырланған жерлерді таңдайды.
Жануар кейін Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи қаумалының аумағына жеткізіліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілді.
Уақытылы көрсетілген көмек пен адамдардың жанашырлығының арқасында бұл жануардың қауіпсіз әрі тыныш өмір сүруіне тағы бір мүмкіндік туды.
Осы кішкентай жануарды құтқаруға және оған қолдау көрсетуге атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз!
Фото авторы: Ж.Ермек




